Accessibility links

Украиналық БАҚ Каспийдегі "Лукойлдың" платформасына соққы жасалғанын хабарлады


Украина қауіпсіздік қызметінің "Альфа" арнайы операциялар орталығы ресейлік "Лукойл" компаниясының мұнай өндірісі платформасына дронмен соққы жасады. Бұл жөнінде арнайы қызметтегі дереккөздерге сүйенген Азаттықтың Украин қызметі, "РБК-Украина" және "Украинская правда" хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Каспий теңізіндегі мұнай кенішімен байланысты инфрақұрылымға алғаш рет соққы жасалып отыр. Дереккөздің айтуынша, теңіз платформасына кемінде төрт соққы тиген. Соның салдарынан кемінде 20 ұңғымада мұнай және газ өндіру тоқтатылған.

Ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөз жоқ.

Ресей төтенше жағдай министрлігіне сүйенген ASTRA телеграм-арнасының жазуынша, Филановский атындағы кеніште ұңғыманы пайдалану кезінде қолданылатын стационарлық платформаға бірнеше дрон шабуылдаған.

"Лукойл" сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Филановский кеніші – Каспий теңізінің Ресей жағындағы ірі кеніш. Оның операторы – "Лукойл-Нижневолжскнефть". Бастапқы қор көлемі 129 миллион тонна мұнай және 30 миллиард текше метр газ деп бағаланған. Азаттықтың Украин қызметінің жазуынша, шығарылған өнім Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортқа кетеді. КҚК-ға санкция салынбаған.

Украин дрондарының платформаға қашан шабуылдағаны белгісіз. Ресей билігі шабуылға түсініктеме берген жоқ. 11 желтоқсанда таңертең Ресей қорғаныс министрлігі бір тәулікте елдің 12 аймағында 287 украин дроны атып түсірілгенін айтқан.

XS
SM
MD
LG