ІІМ: Алматыда нәрестелерді сату фактілері бойынша 20-дан астам қылмыстық іс тіркелді

Ішкі істер министрлігі "STOP-трафик" шарасы аясында адам саудасына қатысты 39 факт тіркегенін, алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде Polisia.kz жазды.

Ведомствоның айтуынша, Алматыда нәрестені сату фактісіне қатысы бар қылмыстық топ анықталған.

"Ұйымдастырушылар жас қыздардың қиын жағдайға тап болғанын пайдаланып, оларды нәрестелерін үшінші тұлғаға ақшаға беруге көндірген. Барлық айыпталушы ұсталды. 20-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр" деп жазылған ІІМ хабарламасында. Бұл жөнінде Polisia.kz жазды.

Ведомствоның дерегінше, Абай облысында еңбекті қанау жайттары тіркеліп, 11 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған. Бұған қоса, түнгі ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды эксплуатациялау фактілері анықталған.

Ведомствоның хабарлауынша, бұған қоса Астанада теміржол вокзалының маңындағы рейдтерден кейін сегіз адамға "жезөкшелер үйін ұйымдастырды деген" айып тағылған. Полиция мәліметінше, Ақмола облысында "ретсіз жыныстық қатынасқа түсуді және отбасылық құндылықтарды жоққа шығаруды" насихаттайтын орталық құрған діни топтың қызметі тоқтатылды. Әдебиеттер мен керек-жарақ, рәсімдік заттар табылғаны хабарланды.

Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Қазақстан көп жағдайда адам саудасы құрбандары баратын, тасымалданатын ел саналады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстан билігі елде адам саудасы барын мойындайды және оны жоюға күш салады, алайда тиісті дәрежеде күреспейді. Адам саудасы құрбандарын қорғау механизмдері әлсіз, тергеу дәрежелерінің де төмен екенін айтады.